АСТАНА, 8 тамыз – Sputnik. Алдағы он жыл Орталық Азия аймағының болашағын айқындайтын кезең болатыны айдан анық. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген мақаласында айтты.
Оның айтуынша осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты.
"Жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған қазіргі кезде біз өңірде өзара сенімге және ортақ әрі біртұтас қауіпсіздікке негізделген кеңістік құрдық, өңірлік ықпалдастыққа бөгет кедергілерді жойдық, көп қырлы ынтымақтастығымызды жоғары сапалы деңгейге шығаратын тұғыр қалыптастырдық", - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен одақтастық қатынас орнатып, Түрікменстанмен стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді.
"Халықтарымыздың өзара жақын болуға ұмтылысы барлық деңгейдегі байланыстың күшеюінен де көрінеді. Мемлекет басшыларының бір-біріне жиі сапарлап, тұрақты кездесуі парламентаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге тың серпін берді", - дейді Тоқаев.
Ол Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесу болғанын еске салды. Соның нәтижесінде өңірлік ықпалдастық барынша тереңдеп, кеңейе түскен.
Кейінгі 5 жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті.
Бірлескен ірі жобалар оған қатысушы елдерге қомақты пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп отыр.