АЛМАТЫ, 7 тамыз – Sputnik. Қарағанды политехникалық колледжінің 3-курс студенті сотталды, деп хабарлады Жоғарғы сот.
Былтыр сәуірде 17 жастағы студент интернеттен курьер қажет деген хабарландыруды көреді.
"Сол нөмірге телефон шалып, жұмыстың қиын емес екенін, жалақысының жоғары екенін біледі. Жасөспірім жақсы оқымағанымен, ұстаздар тарапынан шағым болмаған. Әкесімен және өгей шешесімен бірге тұрады, олар баланы материалдық жағдаймен толығымен қамтамасыз еткен", - дейді сот.
Курьер болып жұмысқа кіріскен жігіт жіберілген геолокация арқылы 5-15 жиынтық тауып, оларды бір-бірден орап, Қарағанды көшелеріне қойып кетіп, кураторға фотоесеп жіберіп отырған.
"Әрбір салынған орама үшін банк картасына 2,5 мың теңгеден аударым алып отырған, оны жеке қажеттілігіне жұмсаған. Былтыр қарашада 15 ораманы алып, оның 4-ін таратқан сәтте оны полиция қызметкерлері ұстайды. Жасөспірімнің сөмкесі мен қалтасынан психотроптық зат (мефедрон) бар 11 орама пакет табылған", - дейді ведомство.
Жасөспірімге ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі 1), 3), 5 тармақшалары бойынша айып тағылды. Бірақ оның кәмелетке толмаған жасы ескеріле отырып, 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді.