АЛМАТЫ, 4 шілде - Sputnik. Шымкентте ер адам жүкті әйелі мен нәрестені аяусыз соққыға жыққан. Сәби жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 1 тамызда болған. Анасы үш айлық баласымен №1 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне сағат 23:57-де жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.
"Қабылдау бөлімінде тиісті тексерулерден толық өтіп, қажетті мамандар қарап, науқасты сағат 00:40 баласымен бірге жеке палатаға нейрохирургия бөлімшесіне жатқызған. Әйел бас-ми жарақатын алған, миы шайқалған. Келіншек жүктіліктің 12-ші аптасында", - дейді денсаулық сақтау басқармасы.
Алайда 3 айлық бала қатты жылап мазасызданған. Әйел күйеуі нәрестені ұрғанын айтқан. Дәрігерлер баланың басынан және денесінен соққы іздерін көрген. Дереу сәбиді қалалық балалар ауруханасына жіберген.
"Қазіргі таңда бала Асардағы балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр", - дейді дәрігерлер.
Баланың жағдайы ауыр. Ал жүкті әйел мен нәрестені ұрған ер адам қамауға алынды.
"Қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде", - дейді Шымкент қалалық полиция басқармасы.