Еуропада аптап ыстықтан жыл сайын 175 мың адам қайтыс болады

Еуропалық аймақтағы ең ыстық үш жыл 2020 жылдан кейін, ал ең ыстық 10 жыл 2007 жылдан бері тіркелді
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 шілде – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропада жыл сайын 175 000-нан астам адамның аптап ыстықтан көз жұматынын мәлімдеді, деп хабарлайды euronews.com.
ДДҰ мұндай мәлімдемені БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш қатты ыстыққа қарсы әрекет жасауға шақырғаннан кейін бірнеше күн өткен соң жасады.
"Миллиардтаған адам қатты ыстыққа ұрынады, олардың көпшілігі температура 50 градустан жоғары болған кезде жылу толқындарынан өледі", - деген болатын Антонио Гутерриш.
Еуропалық аймақтағы ең ыстық үш жыл 2020 жылдан кейін, ал ең ыстық 10 жыл 2007 жылдан бері тіркелді. Кейінгі 20 жылда әлемнің барлық елінде ыстықтан болатын өлім-жітім 30%-ке өсті.
Төтенше температура созылмалы ауруларды, соның ішінде жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, психикалық ауруларды күшейтеді, дейді дәрігерлер.
Бұл егде жастағы адамдар үшін, әсіресе жалғызбасты адамдар үшін, сондай-ақ жүкті әйелдер үшін қауіпті.
Ұлттық деңгейде Еуропаның 20-дан астам елі азаматтарға климаттың өзгеруінің осы қауіпті аспектісіне бейімделуге көмектесу үшін ыстыққа қарсы іс-қимыл жоспарларын жасады.
Алайда ДДҰ халықты қорғау үшін көп нәрсе істеу керек деп ескертеді. Бонндағы (Германия) еуропалық қоршаған орта және денсаулық орталығында үкіметтерге бағытталған жаңартылған нұсқаулық дайындалуда.