АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Қазақстанда бұрынғы уақытты қайтаруға қатысты петицияны қарайтын жұмыс тобы алдын ала шешімін шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың айтуынша, жұмыс тобы петицияны кері қайтаруға алдын ала шешім шығарды. Себебі "авторлардың уақытты ауыстыру электр энергиясын тұтыну және халықтың денсаулығына кері әсер етеді деген уәждері расталған жоқ".
"Осы уақытқа дейін біз петиция жазғандардың дәлелдерін қарадық. Бірақ оның бәрі расталған жоқ. Осыған байланысты мен сауда және интеграция министрлігінің алдын ала шешімін жариялаймын. Петицияны қанағаттандырудан бас тартуға шешім шығарылады", - деді Балықбаев бүгінгі отырыста.
Айта кетері, бұған дейінгі отырыстарда сарапшылар петиция авторының бірінші отырыста қойған сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде энергия тұтыну мен шығындардың өсуі, уақыт ауыстырудың денсаулыққа әсері, жол апаттарының көбеюі және басқа да мәселелер бар.