АЛМАТЫ, 31 шілде – Sputnik. Түркістан облысы Төлеби ауданында суға батып кеткен 16 жастағы қыздың денесі табылды, деп хабарлайды Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Оқиға 28 шілдеде болған. Қасқасу ауылынан 15 шақырым жердегі "Сайрам-Өгем" аумағына Сайрам-су тау өзеніне 16 жастағы қыз ағып кеткен туралы ақпарат құтқарушыларға түскен. Ол селфи жасамақ болған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері, 1 жүзу құралы және 4 бірлік техникасы, Түркістан облысы полиция департаментінің 6 қызметкері және 3 бірлік техникасы, жергілікті атқарушы органдардан 11 қызметкер жұмылдырылған.
Марқұмның денесі үшінші күні 31 шілдеде табылды.
“Төле би ауданының аумағында іздеу жұмыстары таңғы сағат алтыдан басталды. Қыздың мәйіті 16:10-да табылды. Құтқарушылар алып шығып, полицияға тапсырды”, - дейді ТЖД.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, шомылу маусымы басталғалы 85 адам, оның ішінде 35 бала суға батып кеткен. Бұл - министрліктің 16 шілдеге дейінгі ақпараты.