АЛМАТЫ, 31 шілде – Sputnik. Ақтөбе облысы Алға ауданы Бесқоспа ауылдық округінде шаруаның ірі қара малы қырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"Санжар-Т" шаруа қожалығының 18 бас ірі қарасы қырылғаны туралы ақпарат Алға аудандық ветеринариялық стансасына 26 шілдеде түскен.
Хабар түскен бойда мал иесіне ірі қара малдарын қамау тапсырылып, мамандар оқиға болған жерге дереу барған.
"Өлген мал өлексесі жарып сойылды. Нәтижесінде ірі қара малдары жаңбырдан кейін шыққан улы шөптермен уланған деген алдын ала диагноз қойылды. Өлекседен патологиялық материал алынды. Мал иесіне малдың жайылымын өзгерту туралы ескертілді", - дейді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметінше, "Санжар-Т" шаруа қожалығындағы жануарлардың өлімі шілде айының басында басталған. Алайда қожалық иесінен Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясына ресми хабарлама 26 шілдеде келіп түскен.
"Бастапқыда малдан ішкі өзгерістер байқалмағаны анықталды, алдын-ала улану диагнозы қойылды. Сонымен қатар уланудың ықтимал себептерін анықтау үшін жануарлар ұсталған жайылымдардан шөп сынамалары алынды. Зерттеу нәтижелері 1 тамызда шығады", - дейді министрлік.
Шаруа қожалығының басшысы ветеринариялық қызметпен бірлесіп, белгіленген жоспарға сәйкес вакцинация мен диагностиканы қоса алғанда, барлық қажетті эпизоотияға қарсы шараларды қабылдаған.
Министрлік ірі қара малды тұрақты күнделікті бақылап жүргендерін айтады. Аймақтағы эпизоотиялық жағдайды да бақылауға алған.