АЛМАТЫ, 29 шілде - Sputnik. Ақмола облысында Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов пен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіров қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапқа тартылды.
Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан әкім су тасқынының салдарын жою бойынша жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін жауапқа тартылып отыр.
"Көктемгі су тасқынының салдарын жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы орындамағаны, сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың сапасыз тізімдерін құрастырғаны үшін Ақмола облысы әкімінің өкімімен Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды", - делінген хабарламада.
Сонымен бірге, Жарқайың, Бұланды аудандарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй және Целиноград, Біржан сал, Бұланды, Сандықтау аудандары мен Степногорск қаласының Бестөбе кентінде мектеп құрылысының кестеден кешігуіне себепкер Ақмола облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Марат Әубәкіровке де қатаң сөгіс жарияланды.