ЕЭК кооперациялық жобаны қаржыландыруға арналған алғашқы өтінімді қарастырды

Sputnik
АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті есебінен өнеркәсіптік кооперацияға қаржылай жәрдемдесудің жаңа механизміне қатысу үшін бизнес өкілдерінен келіп түскен алғашқы өтінімді қарастырды, деп хабарлады комиссияның баспасөз қызметі.
Комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегянның төрағалығымен өткен өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитеттің отырысына өтінім "Газпромбанк" АҚ-тан келіп түсті және ресейлік "Титан Полимер"ЖШҚ компаниясының жобасына қатысты болды. Жоба аясында технологиялық жабдықтарды жеткізу бөлігінде ЕАЭО елдері кәсіпорындарының кооперациялық қатысуы көзделген.
"Жоба Одақ елдері арасында технологиялық жабдықты, мысалы, электротехникалық, қазандық және өртке қарсы жабдықтарды жеткізуде кооперация жасауға мүмкіндік береді. Оны іске асыру нәтижесінде химия саласында заманауи импортты алмастыратын кешен құрылатын болады", – деп атап өтті Гоар Барсегян.
Консультативтік комитет ЕАЭО-ның Жалпы ақпараттық ресурстар порталындағы "Өнеркәсіп" бөлімінде орналастыру үшін технологиялар трансфері, өнеркәсіпте ғылыми-техникалық ақпарат алмасу, мүше мемлекеттерде өнеркәсіптік меншікті есепке алу салаларында құзыреті бар ұйымдардың тізбесін және Одақта өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ғылыми-техникалық ақпарат және тәжірибе алмасуға бағытталған ақпараттық ресурстардың тізбесін келісімге алды.