Алакөлге дельтаплан құлады: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Талдықорғаннан медициналық мекемеге нейрохирург және травматолог жіберілген
Sputnik
АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Дәрігерлер Алакөлге құлаған дельтапланның ішінде болған ер адам мен әйелдің қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, оларды жедел жәрдем машинасымен Алакөл ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізген.
"Зардап шеккендердің жағдайы ауыр. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды", - делінген хабарламада.
Олар қазір шокқа қарсы терапиядан, сонымен қатар толық клиникалық-диагностикалық тексерулерден өтіп жатыр. Талдықорғаннан медициналық мекемеге нейрохирург және травматолог жіберілген.
"Ауруханада пациенттерді емдеуге қажетті барлық дәрі-дәрмек бар. Жағдай бақылауда", - деп хабарлады басқарма.
Айта кетері, төтенше жағдайлар министрлігі 25 шілдеде Алакөл көліне дельтаплан құлағанын хабарлаған еді. Құтқарушылар дельтапланнан суға құлаған екі адамды аман алып қалды. Кейін Азаматтық авиация комитеті апат бойынша тергеу жүргізілетінін айтты.
Алакөлге дельтаплан құлады: комитет арнайы тергеу жүргізеді