Зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне тағы бір өзгеріс енгізілді

10 тамыздан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін стоматологиялық қызметтер үшін пайдалану тоқтатылады
Sputnik
АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделу үшін пайдалану ережесіне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ашық НҚА" порталында денсаулық сақтау министрінің бұйрық жобасы жарияланды.
"Емделу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына 1-қосымшаның 2-тармағының қолданылуы 2024 жылғы 10 тамыздан 2025 жылғы 1 ақпанға дейін тоқтатылсын", - делінген бұйрықта.
Ал 2-тармаққа стоматологиялық қызметтер (тісті протездеу, имплантация) кіреді. Осылайша, 10 тамыздан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін стоматологиялық қызметтер үшін пайдалану тоқтатылады.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі осы бұйрықпен өз баласын емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануға рұқсат беруді жоспарлап отыр.
Айта кетері, бұған дейін құрылыс және өнеркәсіп министрлігі зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне өзгеріс енгізген болатын.
Зейнетақы жинағын пайдалану ережесіне өзгеріс енгізілді