АСТАНА, 23 шілде– Sputnik. Үкіметкөктемгі су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта үкіметтіңтөтенше резервінен қосымша қаражат бөлінді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Үкіметтің мәліметінше, қалпына келтіру жұмысы еліміздің үш өңірін – Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарын қамтиды. Бөлінген қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге, сондай-ақ қираған нысандардың орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.
Қостанайоблысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысында Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында "Есіл" сауықтыру кешені, сондай-ақ Державинск қаласында Абай атындағы мектеп салынады. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы "Балауса" балабақшасы, Ойыл ауданындағы "Балбөбек" мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады.
Бөлінгенқаражат жергілікті атқарушы органдарға бүлінген ғимараттарды алдағы оқу жылы басталғанға дейін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Биылғы 17 шілдеде үкіметте су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында Бектенов қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдетуді және орталықты туындап жатқан мәселелер туралы үнемі хабардар етіп отыруды тапсырды.