АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. "Самұрық-Қазынаның" қоры сыртқы қарыздың көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Айдар Рысқұловтың айтуынша, жалпы қарыздың номиналды сомасы 10 трлн теңге, ал баланстық сомасы 8 трлн теңгені құрайды.
"Ал сыртқы қарыздың көлемі 50 пайызды алып отыр. Соның ішінде ҚазМұнайГаз, Қазатоөнеркәсіп сияқты үлкен компанияларымыз инфрақұрылымдық жобаларға сырттан қарыз алды. Мәселен, Қытайдан 2 млрд доллар алынды. Осы ақшаға полипропилен зауыты іске қосылды", - деді Рысқұлов бүгінгі брифингте.
Ал экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтеповтің айтуынша, экпортқа тауар шығаратын компаниялар ғана ақшаны қарызға валютамен алады. Ал ішкі қарыздың барлығы теңгемен беріледі.
"Қазір ең үлкен қарыз – ҚазМұнайГазда. Бұл – компанияның еурооблигациялары, биржада орналасқан құнды қағаздар", - деп атап көрсетті Өтепов.