АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Атырау облысында "Атырау-Астрахан" жобасы аяқталуда, деп хабарлайды көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Жолды көлікпен жүріп өту уақыты 2,5-3 сағатқа дейін қысқарады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Ведомство басшысы Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, құрылыс жұмыстары барысын тексерді.
"Атырау облысында "Атырау-Астрахан" жобасы аяқталуда. Қайта құру жұмыстарымен қамтылған жолдың жалпы ұзындығы 212 шақырымды құрайды. Мердігерлер асфальттың соңғы жоғарғы қабатын төсеуде. Құрылысқа 612 маман мен 408 арнайы техника жұмылдырылды",- делінген министрлік хабарламасында.
Қазір бұл жолмен тәулігіне 5 мыңға жуық автокөлік өтсе, жол пайдалануға берілгеннен кейін көлік қарқындылығы 75% - ға артады.
Бұған дейін көлік министрлігі республикалық маңызы бар "Ақтөбе-Хромтау-Ұлғайсын" жолы төрт жолақты болатынын хабарлаған еді.