Ақтөбе соты әріптесін пышақтаған полицейді түрмеге жаппады

Прокурор бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұраған болатын
Sputnik
АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Екі полицей арасындағы жанжал осы жылдың сәуір айында болған, деп хабарлады "Мой город".
Жәбірленуші Ақтөбе облыстық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Сапарбек Мырзакелдиевтің тапсырманы орындамағанын басшылыққа хабарлаған. Бұл сотталушыға ұнамаған. Мырзакелдиев пышақты алып, жәбірленушінің кеуде қуысына екі рет сұққан, сол арқылы жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген.
Сотталушы өзі кінәсін толық мойындап, өкінді. Прокурор Мырзакелдиевті 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады, бірақ сот төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы жеткілікті деп тапты.
Айтпақшы, сотталушы "майор" арнайы атағынан да айырылды. Сондай-ақ ол жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуі керек.
Сот кішкентай балаларының болуын, жәбірленушіге медициналық көмек көрсетуін, мүліктік залалды ерікті түрде өтегенін, моральдық зиянды өтеп, шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырлы. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай – антты бұзу.
Жәбірленуші бұзақыны кешіріп, моральдық және материалдық шығынды өтегенін, сондықтан оған талап-арызының жоқ екенін айтты. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.
Маңғыстауда бұрынғы полицей бес жылға сотталды