АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Жамбыл облысының әкімдігі Қордай ауданындағы қатты дауылдан келген залалдың нақты көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
17 шілде күні кешкі уақытта Бетқайнар мен Қақпатас ауылдық округтерінде дауыл болып, артынан нөсер жаңбыр жауған. Салдарынан таулы жерлерден су ауылдарға аққан. Бірақ үйлерді су басқан жоқ.
Бастапқыда облыс әкімдігінің ресми сайтында шаруалардың айтуынша, "Береке" шаруа қожалығының 671 бас ұсақ малы мен 10 бас жылқысы суға ағып кетті деген ақпарат тараған еді.
Әкімдік кейіннен бұл ақпарат расталмағанын жеткізді. Қазіргі таңда ағын су салдарынан 6 бас ешкі, 1 қой, 1 бұзаудың өлексесі анықталды.
Соғанды ауылында желдің жылдамдығы 45 м/с-қа дейін жеткен. Ал ағын су "Соғанды-Бетқайнар" жолындағы көпірді бүлдірді. Ол жерге бекет қойылып, көпірді қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Соғанды ауылының өзінде 15 тұрғын үй және қора жайлардың шатырларын жел ұшырып әкетті. Beeline ұялы байланысының мұнарасы құлады. Қазіргі кезде электр желілерін қосу үшін үш бригада жіберілді. Бұдан бөлек, құлаған ағаштардан газ құбырылары сынған. Оны да қалпына келтіру жұмыстары басталды.
Беріктас ауылында желдің жылдамдығы 43,5 м/с дейін жеткен. 10-15 үй мен қора жайларының шатырлары ұшып кеткен. Электр желілері бұзылды. Ауылға 2 бригада жіберілген. Газ құбырларын да қалпына келтіруге 30-40 маман аттанды.
Қатты дауылдан кейін орталық ауруханаға үш адам жеткізілді. Біреуінің жағдайы ауыр, екеуі үйіне қайтарылды.