Қазақстанда авиаотын қашан өндіріле бастайды – энергетика министрлігі жауап берді

Экологиялық таза авиаотынның басты артықшылығы көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтады
Sputnik
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" биологиялық материалдарды пайдалану арқылы отын өндіретін жоба әзірлеп жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен республиканың экологиялық таза авиаотыны қашан өндірілетінін нақтылады.
Министр қазіргі уақытта әлемде көміртегін азайту және биомассаны түрлі отындар, соның ішінде авиаотын өндіру үшін пайдалану ерекше маңызға ие болып отырғанын айтты.
"Қазмұнайгазда отын өндіру үшін биологиялық материалдарды пайдалануды көздейтін пилоттық жоба бар. Қазір жоба алдын-ала әзірлеу және зерттеу сатысында. Жобаны акционерлер мақұлдады, біз нәтижені күтеміз", - деп жауап берді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, SAF-ты (тұрақты авиация отыны) пайдалану авиацияның қоршаған ортаға әсерін азайтады. Авиация барлық көміртегі шығарындысының шамамен 2%-ін құраса да, мүмкіндігінше шығарындыны азайту маңызды. Қазіргі уақытта авиация өнеркәсібі сұйық отынға тәуелді. Сондықтан сұйық отыннан болатын зиянды барынша азайту керек. SAF-тің басты артықшылығы көміртегі шығарындысы азаяды.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 2 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен "Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын" бекітті.