АЛМАТЫ, 17 шілде – Sputnik. Қазақстанда жазға қарай 4,2 мың табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай болды, деп жазады Ranking.kz.
Салдарынан 635 адам зардап шегіп, 233 адам көз жұмған. Биыл қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстандағы төтенше жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 1,9 млрд теңге инвестиция салынған, былтырғы жылмен салыстырғанда 11,4%-ке аз.
Ең көп инвестиция Шымкентке бөлінген. Бұл өңірге 823,3 млн теңге қарастырылған. Ақша көп бөлінген аймақтар қатарында Астана, Атырау, Жетісу және Жамбыл облыстары бар.
Қаңтар – мамырда "112" бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметінің пультіне тұрғындардан 2,3 млн қоңырау түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8%-ке аз.
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі мен республикалық жедел-құтқару жасағы бес айда 7,8 мың адамды құтқарып, 57,3 мың адамды эвакуациялады. Төтенше жағдай орындарынан 511 мәйіт шығарылды.
Жалған қоңыраулар саны былтырғымен салыстырғанда 43,7%-ке қысқарған. "Апаттар медицинасы орталығы" мемлекеттік мекемесі 2,4 мың адамға медициналық көмек көрсеткен. Бұл өткен жылдың қаңтар–мамыр айларына қарағанда 29,4%-ке көп. Ал өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 12,5 мың заңбұзушылық анықталды, 92 нысанның қызметі тоқтатылды, 32 млн теңге сомасына 78 әкімшілік айыппұл салынды.
"Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында елімізде 4,4 мың төтенше жағдай мен табиғи және техногендік сипаттағы оқиға тіркелді. Салдарынан 635 адам зардап шегіп, 233 адам қайтыс болды", - деп жазды ақпараттық портал.