Семей тұрғыны сүйіктісін абайсызда өлтіргені үшін сотталды

Жанжалдан кейін қыз көліктің капотына жатып алған. Жүргізуші тежегішті басып қалғанда жерге құлап, басын қатты ұрып алған
Sputnik
АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Семейде сүйіктісін абайсызда өлтірген ер адам 9,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сот материалына сәйкес, ол күні сотталушы қызымен алкоголь ішкен, қызғаныштан ұрыс шығып, екеуі жанжалдасып қалған. Артынан ер адам оны көлікпен келе жатып кездестірген. Қыз оның жолын жауып, қолымен көлік капотының шетінен ұстап тұрады. Ал көлік алға қарай жүргенде капотқа жатып алған. Бірақ көлік жүргізуші тоқтаған жоқ, біраз қашықтықты жүріп өткеннен кейін тежегішті басып қалады. Сонда капотта жатқан қыз жерге құлап, басын қатты соғып алады. Оның миына зақым келіп, ауруханада көз жұмды.
Қылмыстық іс жәбірленушінің абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру (106-баптың 3-бөлігі) бойынша тергелді. Мұндай қылмыс үшін 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот ауырлататын және жеңілдететін жағдайлардың жоқтығын, соттылықтың жоқтығын және кінәні ішінара мойындауын ескеріп, 9,5 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Оған қоса, жәбірленуші тараптың пайдасына 12 млн теңгеден астам материалдық және моральдық өтемақы өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.