АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Қазақстан құрамасы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына аттанды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
"Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына ресми шығарып салу рәсімі өтті. Төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді", - деп жазылған хабарламада.
Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады.
Қазақстан құрамасы XXXIII жазғы Олимпия ойындарына аттанды
Айта кетері, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.
Ресми іс-шарада Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі. Министр бұл оқиғаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Қазақстан құрамасы XXXIII жазғы Олимпия ойындарына аттанды
"Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр", - деді Ермек Маржықпаев.
Ол Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарғанын атап өтті.
Қазақстан құрамасы XXXIII жазғы Олимпия ойындарына аттанды
Қазақстан құрамасының спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.