Психологтар мен заңгерлер отбасындағы агрессорлармен тегін жұмыс істеп жатыр

Өткен жылы мамандар 400-ден астам консультация өткізсе, ал биыл 150-ден астам кеңес берілген
Sputnik
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Екі жылдан бері психологтар мен заңгерлер Қазақстанның бес өңірінде отбасындағы агрессорлармен тегін жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Бұл бастама "Әйелдер сәулесі" қоғамдық бірлестігі арқылы Астана, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облысында жүзеге асты.
"Өткен жылы мамандар 400-ден астам консультация өткізсе, ал биыл 150-ден астам кеңес берілген. Агрессорлармен кездесу уақытша ұстау изоляторларының, Ішкі істер департаменттерінің аумағында және консультациялық кабинеттерде ұйымдастырылады", - деп жазылған хабарламада.
Жоба психологтары ерлерді ашуын бақылауға үйретеді. Сондай-ақ жанжалдың алдын алу үшін серіктеспен диалогты қалай құру керектігін айтады.
Жоба психологтарының айтуынша, отбасында әлімжеттік жасайтындар өздерінің қателіктерін мойындап, өкініш білдіретін жағдайлар болған.
"Көбі психологпен одан әрі жұмыс істеуге келісім береді", - дейді мамандар.