Екі аптаның ішінде 117 қылмыскер ұсталды – ІІМ

Хабар-ошарсыз кеткен 98 адамның орналасқан жері анықталды
Sputnik
АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Екі апта ішінде ІІМ жедел бөліністері іздеуде жүрген 117 қылмыскерді ұстап, хабар-ошарсыз кеткен 98 адамның орналасқан жерін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ақмола облысының Зеренді кентінің маңындағы орман алқабында тіркелмеген мылтықпен жергілікті тұрғынды атып өлтірген ер адам ұсталды.
Таразда 18 жастағы ауыл тұрғынын қолға түсірді. Ол топтық төбелес кезінде басқа фигуранттың аяғына оқ атқан.
Қызылордада бөтен үйге кіріп, ондағы екі тұрғынды ұрып-соғып, пышақпен жарақаттап, алтын сырға мен ұялы телефон ұрлап кеткен ер адам ұсталды. Күдікті бұрын сотты болған.
Жетісу облысында да қылмыскер құрықталды. Ол Алматы облысындағы кәсіпорындардың бірінің аумағына кіріп, күзетшіні ұрып-соғып, оны тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, 62 млн теңге көлемінде ақшаны иемденген.