АСТАНА, 12 шілде – Sputnik. Астанаға отбасымен уақытша тұруға келген қала қонағы алаяққа алданып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады, деп хабарлады елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі.
"Сарыарқа" ауданы ПБ жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында "Крыша KЗ" қосымшасы арқылы интернет-ресурстарды пайдаланып, жоқ пәтерді жалға берумен айналысты деген күдікпен 27 жастағы азаматты ұстады", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында күдікті жәбірленушіге қаланың көрікті жерінен жақсы пәтер тауып беремін деп әлеуметтік желі арқылы сеніміне кіргені анықталды. Алайда күдікті өзіне керекті төлемді алдын ала алған соң бірден телефонын блокка қойған.
Сөйтіп жәбірленуші 10 мың теңгеге шығындалып, басқа пәтер іздеуге мәжбүр болған.
Күдікті кінәсін мойындап, оның елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.