АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Жетісу облысында алимент төлемеген әке түрмеге түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Сотталушы кәмелетке толмаған екі баласына үш жыл бойы алимент төлемеген. Ал қарызы 2,5 млн теңгеден асып кетіпті.
"Балалар материалдық тұрғыда қиындық көрді. Сот үкімімен өз міндетін орындамаған әке 1 жылға бас бостандығынан айырылды", - деп жазылған хабарламада.
Тағы бір борышкер сот талқылауы барысында 1 млн теңге көлеміндегі қарызын толық өтеп берді. Сол себепті ісі тоқтатылды.
Прокурорлар алимент төлемегені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді. 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.