АСТАНА, 11 шілде - Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында жылу энергетикасы мамандарына арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Облыстағылар осылайша бұл кәсіптің өңірдегі беделін көтеруді көздеп отыр.
Қазіргі уақытта салада кадр тапшылығы қатты сезіліп жатқаны айтылды. Мамандандырылған жоғары оқу орындары жас мамандарды дайындайды, бірақ диплом алғаннан кейін көбісі басқа салада қызмет етеді. Мәселені кешенді түрде шешу қажет дейді мамандар. Сондықтан, қызметкерлерге тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу қарастырылды.
"Жалпы облыс бойынша 500-ге жуық маман жетіспейді. Олардың міндеттерін өзге мамандықтардың өкілдері атқарады. Жақын арада облыста жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталып, онда тағы 500-ге жуық бос жұмыс орны ашылады", - дейді бастамашылар.
Сонымен қатар, өткен жылы техникалық университетті небәрі 10 жылу энергетикасы маманы бітіріп шықты, ал биылғы жазда 8 маман диплом алған.