Ұлттық банк жаңа коллекциялық монеталарды айналымға шығарады

Жаңа монеталар Қаныш Сәтбаевтың құрметіне арналып шығарылады
Sputnik
АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясынан QANYSH SÁTBAEV. 125 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.
Монеталардың сатуға қашан шығарылатыны туралы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша хабарланады.
Қаныш Сәтбаев – кеңестік геолог-ғалым, ғылым және қоғам қайраткері, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті.
Номиналы 2 000 теңгелік монетада марганец рудасының, минералдың түсін білдіретін күрең қызыл түске ие тантал сақинасы бар. Бұл ірі кен орнын Қ. Сәтбаев Жезді ауылының маңында тауып, игерген. Марганец Ұлы Отан соғысы кезінде броньды техникаға арналған болат қорытпалары өндірісінде кеңінен қолданылып, КСРО-ға марганец кенінің 70%-дан астамын беріп отырған.
Ұлттық банк Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған монеталарды айналымға шығарады
Монеталар:
- биколорлы (дискісі – 925/1000 сынамалы күмістен, массасы 34 грамм, сақинасы – танталдан, массасы 40 грамм), монетаның массасы – 74 грамм, диаметрі – 50 мм, сапасы – proof, номиналы – 2 000 теңгелік, таралымы – 300 (үш жүз) дана;
Биколорлы монетаның бейнесі
Ұлттық банк Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған монеталарды айналымға шығарады
- мельхиор қоспасынан (МН 25) дайындалған монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, сапасы – brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңгелік, таралымы – 5000 (бес мың) дана.
Монетаның барлық түрін Қазақстанның бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің кез келген түрінде қабылдауға, елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Биколорлы монеталар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ нөмірлі сапа сертификаттары бар кәдесый орамында шығарылады. Мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар блистерлік ормада шығарылады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.