АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Биыл 12 мың шақырым жолда жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Бүгінгі күні автожолдардың жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мыңы жергілікті жолдарға жатады.
"Биыл жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы жергілікті желіге тиесілі", — деді Қарабаев.
Жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады.
Жоспарға сәйкес 1 955 шақырымды құрайтын 4 автожол жобасында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, олардың 1 866 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысы ашылды. Жобаларды іске асыруға 35 асфальтбетон зауыты, 1 656 бірлік техника және 3,3 мың жұмысшы жұмылдырылған:
Ұзындығы 879 шақырым болатын "Қарағанды – Алматы" жолының 400 шақырымында асфальт төсеу толықтай аяқталды, қалған учаскелерінде жұмыстар жалғасуда. Шілде айында аталған жолдың 83 шақырымы уақытынан бұрын пайдалануға беріледі.
"Жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайтын "Талдықорған – Өскемен" автожолының 751 шақырымында асфальттың төменгі қабаты, ал үстіңгі қабаттың 391 шақырымы төселген", - деп толықтырды министр.
Шілде айында Жетісу облысында ұзындығы 91 шақырым болатын 2 учаске пайдануға беріледі. Жоба бойынша жұмыстардың қалған көлемі Абай облысы Аягөз қаласының айналмалы жолында жүргізілуде.
Сондай-ақ ұзындығы 368 шақырым болатын "Атырау – Астрахань" және "Ақтөбе – Қандыағаш" жобалары іске асырылуда. Бүгінгі күні 60 шақырымы пайдалануға берілді, 102 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды, 206 шақырымында асфальттың төменгі қабаты төселуде.
Жалпы жыл соңына дейін бұл нысандар толығымен іске қосылады.