АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдың ақысын төлемеген көлік жүргізушілеріне айыппұл қалай салынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, заң жобасында ақылы жолмен өткен және ақшасын төлемеген көлік жүргізушілеріне автоматты түрде айыппұл салу тәртібі енгізіліп отыр.
"Екі аптаның ішінде жолдың ақысы төленбесе, автоматты түрде айыппұл рәсімделеді. "Сергектегі" сияқты болады. Отандық және шетелдік көліктерге бірдей салынады. Ақы төлемеген шетелдік көліктерді айыппұл тұрағына қою және Қазақстан аумағынан шығармау сияқты нормалар бар", - деді Қарабаев үкіметте өткен брифингте.
Айыппұлдың көлемі – 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 18 460 теңге.
Айта кетері, бүгін министр ақылы жолдардың бағасын 20 процентке көтеру жоспарын да түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, әрбір жолдың ақысы түрлі деңгейде көтеріледі. Себебі ең арзан ақылы жолдар – Қазақстанда: бір шақырымы – 1 теңге. Ал ақыны көтергеннен кейін 1 теңге 25 тиын болады.