АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Украинадағы дағдарысты реттеу мәселесі бойынша Қытай мен Мажарстанның ұстанымы да, бағыт-бағдары да үндеседі. Бұл туралы бүгін Мажарстанның премьер-министрімен кездескен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Қытайдың орталық теледидары Си Цзиньпиннің бүгінгі кездесуде айтқан сөзін таратты.
"Қытай мен Мажарстанның (Украинадағы дағдарысты реттеу бойынша – ред.) негізгі ұстанымдары мен күшіміздің бағыт-бағдары өзара үндеседі. Біз Мажарстанмен және тиісті тараптармен өзара әрекет жасауды жалғастыруға дайынбыз", - деді Си Цзиньпин.
Бүгін Орбан "бейбіт миссиясын" жалғастыру мақсатында Бейжіңге келді. Өткен аптада ол өз делегациясымен Мәскеуге барған. Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Оның айтуынша, Мәскеуге жасаған сапары бейбіт миссияның келесі кезеңі болды. Ал 2 шілдеде Киевке барғанда сол миссияның бірінші кезеңі басталған.