Астана ШЫҰ-2024

ШЫҰ: Иран президентінің міндетін атқарушы Астанаға саммитке келді

Өткен жылы Нью-Делидегі саммитте Иран ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болды
Sputnik
АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Иран Ислам Республикасы президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер Қазақстан астанасына келді. Астана әуежайында оны Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин қарсы алды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Мұхаммед Мохбер ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Астанаға келді
Мұхаммед Мохбер Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.
Еске сала кетейік, 19 мамырда Иранның экс-президенті отырған тікұшақ апатқа ұшыраған болатын.
Эбрахим Раиси қайтыс болғаннан кейін республика билігі Конституцияны сақтай отырып, президенттің қайтыс болуы немесе қабілетсіздігі туралы мәлімдегеннен кейін 50 күн ішінде жаңа президенттік сайлау өткізілетіндігін және оның міндеттерін бірінші вице-президентке беретіндігін жариялады.
Бұл лауазымды вице-президент Мұхаммед Мохбер қабылдады. Ирандағы президент сайлауы 28 маусым, жұма күні өтті.
Ирандағы кезектен тыс президент сайлауына үміткерлердің ешқайсысы 50% дауыс жинаған жоқ, екінші тур 5 шілдеде өтеді.