АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. ШЫҰ-ға мүше елдердің басшылары Палестина-Израиль қақтығысындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, Астанадағы саммит қорытындысы бойынша қабылданған декларацияға сәйкес Палестина мәселесін әділ шешу негізінде бітімге келу маңызды деп санайды.
"Ұйымға мүше мемлекеттер Палестина-Израиль қақтығыстарының шиеленісуіне терең алаңдаушылық білдіре отырып, көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайға әкелген әрекеттерді қатаң айыптайды", - делінген құжатта.
Көшбасшылар атысты тез арада, толық және тұрақты тоқтатуды, гуманитарлық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ аймақтың барлық тұрғындары үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу бойынша күш-жігерді күшейту қажеттігін атады.
"Ұйымға мүше мемлекеттер Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің жалғыз мүмкін жолы Палестина мәселесін жан-жақты және әділ шешу екенін атайды", - делінген құжатта.
ШЫҰ саммиті 3 және 4 шілдеде Астанада "Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" ұранымен өтіп жатыр. Бұл отырыста ұйымға тағы бір мемлекет - Беларусь қабылданды.
ШЫҰ 2001 жылы құрылған. Қазір оның құрамына 10 мемлекет кіреді: Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстан және Беларусь.