Қандастарды қабылдау квотасы 600 адамға ұлғаяды

Өңірлік квоталарды өзгертуге еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастар санының артуы себеп болған
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 шілде – Sputnik. Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 600 адамға ұлғаяды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Министрлік қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын қайта бөлу үшін бұйрыққа өзгерістер енгізді.
"Министрлік "Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасын белгілеу туралы" ведомство басшысының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №530 бұйрығына өзгерістер енгізеді. Бұйрықтың жобасы осы жылдың 16 шілдесіне дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған", - деп жазды ведомство.
Құжат бойынша жалпыға бірдей белгіленген квота шеңберінде қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы алты жүзге дейін төмендетіліп, соның есебінен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы 600 адамға ұлғайтылады.
Өңірлік квоталарды өзгерту еңбек күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныс аударған қандастар санының артуына байланысты қажет болған.
Қандас мәртебесін алу үшін генетикалық сынақ жасалуы мүмкін