Ирандық компаниялар Қазақстанда ірі гидротехникалық құрылыстар салуға ниет білдірді

Қазақстан ирандық компаниялармен су үнемдеу және гидроэнергетика саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі
Sputnik
АСТАНА, 4 шілде – Sputnik. Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Иранның энергетика министрі Әли Акбар Мехрабианмен кездесті, деп хабарлады ведомство.
"Тараптар жаңа гидротехникалық құрылыстар мен суаруға арналған су шығынын қысқарту мәселесін талқылады", - делінген хабарламада.
Ирандық компаниялар Орталық Азия мен Қазақстанда әлемдегі ең ірі бөгеттердің бірі – "Бақтияри" ГЭС-ке ұқсас гидротехникалық құрылыстар салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруға ниетті.
"Министр Иранның Қазақстанға суармалы суды тасымалдаудың заманауи технологияларын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді, бұл судың булануынан болатын шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді", - деп қосты министрлік.
Ал Нұржан Нұржігітов мұндай жобалар Қазақстанның оңтүстік өңірлері – Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары үшін қажет екенін айтты. Ол ирандық компанияларды Қазақстанға келіссөздер жүргізуге шақырды.
"Қазақстанда болған су тасқыны селді өткізу және оны одан әрі тиімді пайдалану үшін жаңа су қоймалары қажет екенін көрсетті", - деп мойындады Нұржігітов.
Министр ирандық компаниялар өз отанында өте табысты жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
"Жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін көріп, біз ирандық әріптестерімізбен тығыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделіміз", – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бір күн бұрын министр Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісімен кездесіп, осындай мәселені талқылады.
Астана ШЫҰ-2024
Иран Қазақстанға егіс алқаптарын суаратын заманауи технологиялар ұсынуға дайын