АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпин екі елдің достығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Ақордада екі елдің президенттері кеңейтілген құрамда кездесті. Сол кезде Си Цзиньпин Қытай мен Қазақстанның достығы ежелгі "Жібек жолынан" тамыр тартатынын және мыңдаған жылдар бойы үздіксіз нығайып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, дипломатиялық қатынастар орнаған 32 жыл ішіндегі ынтымақтастық нәтижесінде екіжақты байланыстарымыз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің бұрын-соңды болмаған деңгейіне көтерілді
"Соның арқауы – мәңгілік достық, өзара сенім мен ынтымақтастық. Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға бейілділігіміз және ұлттық даму міндеттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді", – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы Қазақстанның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады. Сондай-ақ, Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.