Астана ШЫҰ-2024

БҰҰ бас хатшысы Қазақстан ұсынған бастамалар туралы оң пікір білдірді

Sputnik
АЛМАТЫ, 3 шілде – Sputnik. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы қадамын жоғары бағалады, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға сапары барысында БҰҰ-ның "UN Plaza" ғимаратын аралып шықты. БҰҰ-ның Алматыдағы ғимаратында Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторимен, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген БҰҰ агенттіктері өкілдіктерінің басшыларымен кездесуі өтті.
"Антониу Гутерриш өз сөзінде Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және адам құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін ілгерілетудегі күш-жігерін жоғары бағалады және халықаралық алаңдарда Қазақстан ұсынған бастамалар туралы оң пікір білдірді", - деп жазды ведомство.
Кездесу барысында Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру жайлы Қазақстанның бастамасының маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Бұған қоса, Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне байланысты мұздықтардың еруі мәселелерінің ерекше өзектілігін ескере отырып, Гутерришке ЮНЕСКО-ның Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының қызметі туралы ақпарат ұсынылды.
Іс-шара соңында кездесуге қатысушылар "UN Plaza" ғимаратында орналасқан "UN and me" көрмесімен танысты.
4 шілдеде БҰҰ бас хатшысы А. Гутерриш Астанадағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысады.
UN Plaza (БҰҰ Плаза) ғимаратының ресми инаугурациясы 2019 жылдың мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы БҰҰ ғимаратында штаттық саны 120 адамнан асатын 18 агенттік орналасқан.
Еске сала кетейік, Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді.
Астана ШЫҰ-2024
ШЫҰ: ұйымның бастамасымен қандай маңызды шешімдер қабылданды