Астана, ШЫҰ саммиті - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.07.2024
Астана ШЫҰ-2024
ШЫҰ – 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның мемлекет басшылары құрған халықаралық ұйым.

ШЫҰ: ұйымның бастамасымен қандай маңызды шешімдер қабылданды

© Sputnik / Санат ИмангалиевШанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кездесуі
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің кездесуі - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.07.2024
Жазылу
2005 жылы Астанада өткен ШЫҰ саммитінде бірлескен декларация қабылданды
АСТАНА, 3 шілде – Sputnik. 3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Оған дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары қатысады. Бұдан бөлек, ондаған халықаралық ұйымның өкілдері, тіпті, БҰҰ бас хатшысы да сөз сөйлейді. Бұның барлығы Қазақстан төрағалық етіп отырған ұйымның беделін көрсетіп отыр. Sputnik Қазақстан ШЫҰ бастамасымен қабылданған маңызды шешімдерге шолуды ұсынады.

"Шанхай бестігі" қалай көбейді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы ресми түрде 2001 жылы құрылды. Бірақ оның тарихы "Шанхай бестігінен" басталады.
Сталиннің қазасынан кейін КСРО мен ҚХР-дың қарым-қатынасы күрт нашарлап кетті. Горбачевтің кезінде ғана екі коммунистік державаның байланысы қалпына келді. Алайда көп ұзамай, кеңестік одақ тарады. Содан әрбір мемлекет Қытаймен шекара мәселесін шешіп алғаннан кейін аймақтық ынтымақтастықты дамытуға кірісті. Осылайша, 1996 жылы Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан мен Тәжікстан "Шанхай бестігін" құрды.
© Пресс-служба МИД РФ / Медиабанкке өтуШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тулары
Флаги государств - членов ШОС - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.07.2024
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тулары
Бес мемлекет бірнеше саммит өткізді. Соның нәтижесінде ұйымның құрылымы қалыптаса бастады. Ал 2001 жылы Шанхайда өткен кездесуде бес мемлекетке Өзбекстан да қосылды. Сол кезде ұйымның ресми атауы Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып өзгертілді.
23 жылдың ішінде ШЫҰ-ға тағы үш мемлекет кірді. Олар: Үндістан, Иран мен Пәкістан. Бұдан бөлек, Беларусь, Түркия, Әзербайжан, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Моңғолия, Ауғанстан және тағы басқа мемлекеттер ұйымның диалог бойынша әріптестері мен бақылаушылары болып кірген.
Бүгінде ШЫҰ-ға мүше елдердің жалпы жер аумағы Еуразияның 65 процентін алып отыр. Ал халқының саны 3,5 млрд адамды құрайды. Бұл – дүниежүзі халқының жартысы.

Терроризмге қарсы жұмыстың нәтижесі қандай

ШЫҰ әскери блок емес. Оны қатысушылар үнемі айтып келеді. Ұйымның негізгі мақсаттары:
қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту;
өзара сенім мен достықты нығайту;
ортақ мүддеге сай салаларда аймақтық ынтымақтастықты дамыту;
халықаралық қақтығыстарды болдырмау және реттеу;
есірткі саудасы, терроризм және сепаратизммен күрес.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы қабылдаған алғашқы құжаттардың ішінде экстремизм мен сепаратизмге қарсы күрес конвенциясы да болған. Осыған байланысты ұйымның басты органдарымен бірге аймақтық терроризмге қарсы құрылым жасақталды. Ол ұйымға мүше елдердің терроризм, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күшін үйлестіріп отырады.
© Sputnik / Sergey Guneev / Медиабанкке өтуШанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің басшыларының бірлескен фотосуреті
Совместное фотографирование глав стран - участниц Шанхайской организации сотрудничества - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.07.2024
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің басшыларының бірлескен фотосуреті
Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның соңғы есебіне сәйкес, 2023 жылы бірлескен жұмыстың нәтижесінде террористік ұйымдардың 95 ұяшығы жойылды, 181 лаңкестік әрекеттің жолы кесілді. Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арнайы қызметтері экстремистік және террористік сипаттағы 2010 қылмыстың алдын алды.
Бұдан бөлек, 214 шетелдік содыр, халықаралық террористік ұйымдардың 1 185 мүшесі мен сыбайласы ұсталды. 13 қаржыландыру көзі мен 26 заңсыз көші-қон арнасы анықталды. Соның барлығын экстремистік мақсатта пайдаланған.
Былтыр 14 заңсыз қару-жарақ арнасы да анықталды. Соның нәтижесінде 1 589 атыс қару, 777 жарылғыш құрылғы, 188 келі жарылғыш зат пен 660 тоннадан астам есірткі тәркіленді.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларды өткізіп тұрады. 2022-2024 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы да қабылданған.

АҚШ-тың әскери контингенті шығарылды

2005 жылы Астанада өткен ШЫҰ саммитінде бірлескен декларация қабылданған болатын. Ұйымға мүше мемлекеттер "Ауғанстандағы терроризмге қарсы операцияның белсенді кезеңінің аяқталуына байланысты коалиция қатысушылары ШЫҰ аумағында әскери контингентін ұстау мен инфрақұрылым нысандарын пайдаланудың соңғы мерзімін анықтау қажеттігін" мәлімдеді. Сол кезде АҚШ конгрессі осы декларацияға қатысты өз алаңдаушылығын да білдірді. Алайда артынан Өзбекстан американдықтар Карши-Ханабад әскери базасынан жарты жылдың ішінде кетуі керектігін мәлімдеді.
Сол жылы қазан айында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қырғызстанға барып, Өзбекстандағы әскери ұшақтарды "Манас" әуе базасына ауыстыруға келісті. Ал әскери контингент елге қайтарылды.
2009 жылы Қырғызстан әуе базасының жабылатынын жариялады. Себебі АҚШ базаны жалға алу ақысын арттыру мәселесін талқылаудан бас тартты. Парламент үкіметтің шешімін мақұлдады. АҚШ-тың одақтастарына да әуе базасын пайдалануға тыйым салынды.

ШЫҰ ұлттық валютамен сауда жасауға ниетті

Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымның банкаралық бірлестігі бар. Оның негізгі мақсаты – ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтері қолдаған инвестициялық жобаларды қаржыландыру және банк қызметін көрсету.
2018 жыл Циндао қаласында өткен ШЫҰ саммитінде Қазақстан өзара есептеулерде ұлттық валюталардың үлесін ұлғайтуды ұсынды. Осы бастама аясында жол картасының жобасы әзірленді.
© Sputnik / Санат ИмангалиевШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин
Генеральный секретарь Шанхайской организации сотрудничества (ШОС) Чжан Мин - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.07.2024
ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин
ШЫҰ бас хатшысы Чжан Миннің айтуынша, 2022 жылдан бастап ұйымға мүше мемлекеттер жол картасын іске асыруға күш салып келеді. Өзара есептеулерде ұлттық валюталардың үлесін біртіндеп арттыру жоспарланған. Бүгінде осы жұмыспен арнайы сарапшылар тобы айналысып жүр. Оның құрамына орталық банктер мен қаржы министрліктерінің өкілдері кіреді.
"Қазіргі кезде мамандар ұлттық валютамен есеп айырысу жүйесінің шарттарын зерделеп жатыр. Осы салада әрбір елдің валюталық реттеу заңнамасын тыңғылықты зерттеп, ұлттық валютамен есеп айырысу жүйесіне кедергі болатын факторларды анықтау қажет. Биржаларда ұлттық валютамен сауда жасау, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің төлем жүйелерінің ерекшелігіне қарай клирингтік есеп айырысу бойынша ұсыныстар да әзірленеді", - дейді Мин.
Бүгінде Ресей мен Қытай ұлттық валютамен сауда-саттықты арттырып келеді.

Астанадағы саммиттің ерекшелігі неде

Астанадағы саммит жаңа форматта өтеді. Ұйымға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысы мен "ШЫҰ+" кездесуі ұйымдастырылады. Оған тағы алты мемлекет шақырылды. Олар: Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия мен Түрікменстан. Барлығы 16 мемлекеттің басшысы самитте сөз сөйлейді.
© Sputnik / Санат ИмангалиевАстанада өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық
Подготовка к саммиту ШОС в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.07.2024
Астанада өтетін ШЫҰ саммитіне дайындық
Биылғы саммит "Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" тақырыбымен өтеді. Қазақстанның бастамасымен Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы бірлескен құжат қабылданады деген жоспар бар. ШЫҰ-ға мемлекеттер осы бастама арқылы барлық шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге, халықаралық құқық қағидаттарын сақтауға және әлемдік нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге үндейді.
Саммит кезінде мемлекет басшылары екі жақты кездесулер өткізеді. Осы шаралар да маңызды шешімдердің іске асуына жол ашады.
Ал Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми түрде қабылданады.
Жаңалықтар
0