Астана ШЫҰ-2024

Қазақстан мен Қытайдың көлік министрлері кездесті

Кездесу ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті
Sputnik
АСТАНА, 2 шілде – Sputnik. Елордада Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаевтың Қытай көлік ведомствосының басшысы Ли Сяопэнмен кездесуі өтті.
"Келіссөздер барысында қос тарап көлік инфрақұрылымы саласындағы нәтижелі ынтымақтастық пен екі ел арасындағы түсіністіктің жоғары деңгейі үшін өзара ризашылықтарын білдірді, - деп жазылған Көлік министрлігінің хабарламасында.
Сонымен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және сауда-экономикалық іс-қимылды жақсартуға ықпал ететін көлік бағыттарын дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай көлік ведомстволарының басшылары көлік логистикасы және өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді деп жоспарланып отыр.
Бүгін таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді елорда әуежайында қарсы алды.
Мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті.
Қытай басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына да қатысады.