АЛМАТЫ, 1 шілде - Sputnik. Қырғызстанда көз жұмған 4 баланың денесі Өскеменге арнайы бортпен жеткізілді, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Ош облысының Ноокат ауданындағы ауыл тұрғындары мен туристер арасында көз жұмғандар ішінде Шығыс Қазақстанның балалары да бар.
"Қайғылы оқиға болған күні екі ұл мен екі қыз аналарымен туыстарына қонаққа барған. Бүгін қаза тапқандардың денесін Өскеменге арнайы бортпен жеткізді. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде балалардың туыстарына көмек көрсету үшін жедел штаб құрылып, оған өңірдің барлық қызметінің мамандары жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Өңір басшысы Ермек Көшербаев көз жұмған балалардың туыстарымен кездесті. Жергілікті атқарушы органдар жерлеу рәсімін ұйымдастырып, өткізуді өз мойнына алды.
Қырғызстанда селден қаза тапқан балалардың денесі Өскеменге жеткізілді
© Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі
Өңірдің кәсіпорындары мен бизнес өкілдері отбасыларға көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Еске салсақ, 28 маусымда Қырғызстанда қатты жауған жаңбырдың салдарынан Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел жүріп, тұрғындар мен туристер құрбан болды. Барлығы тоғыз адам көз жұмды. Оның ішінде төрт қазақстандық бар, төртеуі де бала.