АСТАНА, 29 маусым - Sputnik. Астана полициясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу кезеңінде күшейтілген режимге көшті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қалалық полиция депаратаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізу кезеңінде құқық бұзушылықтардың алдын-алу және жолын кесу мақсатында полицияның жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды.
"Көшелерде және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Жасақтар саны ұлғайтылды, бейнебақылау камераларын пайдалану арқылы визуалды бақылау күшейтілді", - делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ, қалаға кіре берісте полицияның "Рубеж" стационарлық бекеттері жұмыс істейді. Онда азаматтардың құжаттары мен көліктегі тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексерілуде.
Автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған.
"Делегациялардың арнайы колонналарының өту кезінде елорданың магистральдық көшелеріндегі қозғалыс уақытша шектеледі", - деп атап өтті полиция депаратаменті.
Ал азаматтардың қалаға кіруі мен шығуы бойынша қандай да бір шектеулер жоқ.
Астана қаласының полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шараларға түсіністік танытуға шақырды.
Айта кетері, 3-4 шілде күндері елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді.