АЛМАТЫ, 28 маусым – Sputnik. Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов 5 күнге қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік іс қозғалып, 5 күнге қамауға алынған азаматтың Тұрсынбек Қабатов екенін Жоғарғы сот растады. Ол ұшақ бортында мас күйде әдепсіздік жасаған.
Тұрсынбек Қабатовқа қатысты істі Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
"Айыпталушы ұшақ бортында әдепсіз сөздер айтқан. Ол стюардессалардың қызметіне көңілі толмай, оларға өз ескертуін білдірген. Әзілкеш өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқтығын алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған", - деп жазды ведомство.
Жанжалға аға стюардесса куә болған. Оның айтуынша, құқық бұзушы ұшақ бортында мас күйінде болған және әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
Пародистің кінәсі дәлелденді.
"Айыпталушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылды - 5 тәулікке қамауға алынды", - дейді Жоғарғы сот.
Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.