"Көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр": президент сөз бостандығы қалай өзгергенін айтты

Президент жаңа саяси жағдайдың қалыптасқанын ерекше атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде сөз бостандығы қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мемлекет басшысының айтуынша, жүйелі реформалардың нәтижесінде азаматтардың саяси мәдениеті едәуір өсті, шынайы әрі аясы кең пікір алуандығы пайда болды. Қоғамдық пікір саяси өмірдің маңызды факторына айналды. Ал сөз бостандығы қоғамның мызғымас құндылығы саналады.
"Бүгінде Қазақстанда жүздеген тәуелсіз БАҚ пен медиаресурс бар. Ал интернеттегі көптеген түрлі блогтар мен каналдар туралы айтпаса да болады. Олар елде болып жатқан үдерістерді әр қырынан жариялап көрсетеді, билік органдарының қызметіне сын айтады. Бірақ біз әуел бастан пікір алуандығына ұмтылып келеміз. Бұл – біздің айтулы жетістігіміз", - деді Тоқаев.
Осы орайда президент жаңа саяси жағдайдың қалыптасқанын ерекше атап өтті. Бірақ "көпшілік мұны әлі күнге сезінбей жүр".
"Қазақстанда әлдеқашан жаңа саяси жағдай қалыптасты. Оны сөз бостандығынан, ашық бәсекелестіктен, билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогтан, бүкіл ақпараттық ресурстардың қол жетімділігінен байқауға болады. Біз осындай өзгерістер жүзеге асырылды деп сеніммен айта аламыз", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігі арта түседі. Президент отандық масс-медиа әрдайым объективтілікті, бейтараптылықты сақтап, ел мен қоғамның мүддесін бәрінен жоғары қоятынына сенім білдірді.
Ақпарат министрі елдегі сөз бостандығына баға берді