"Серпін" бағдарламасы бойынша кімдер грантқа ие бола алады

Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Ұлттық тестілеу орталығы "Серпін" бағдарламасы аясында грантпен білім алу жайында ақпарат жариялады.
"Серпін" жобасының басты мақсаты — еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, білікті мамандар даярлау.
"Серпін" бағдарламасына мына аймақтардың түлектері қатыса алады: Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстары.
Еске сала кетейік, бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған.
Гранттар мынадай облыстарда орналасқан ЖОО-ларға бөлінді: Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Ұлытау, Қарағанды, Қостанай облыстары.
Гранттар тек педагогикалық, IT және техникалық, ауыл шаруашылық мамандықтарына беріледі.
Биыл "Серпін" бағдарламасына мемлекеттен 3 903 грант бөлініп отыр.
Оның 2500-ден астамы педагогикалық бағытта, 700-ге жуығы инженерия, өңдеу және құрылыс саласына, ал 300-ге жуығы IT-ге, 70-ке жуық грант ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытына бөлінген.
Жоба бойынша грантқа түскен түлектер шәкіртақы алады және жатақханамен қамтамасыз етіледі.
"Серпін" бағдарламасы түлектері үшін оқу аяқтаған соң грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды.