Соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына құран бағышталады

Ол Қазақстанның барлық облысы мен мегаполистерінде орналасқан орталық мешіттерде, православие және католик шіркеулерінде өтеді
Sputnik
АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. 22 маусымда "Атамның аманаты" қоғамдық ұйымы еліміздегі дін өкілдерімен бірлесіп, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен боздақтардың рухына арнап жалпықазақстандық құран бағыштау, дұға бағыштау рәсімін екінші рет өткізгелі отыр.
Ол Қазақстанның барлық облысы мен мегаполистерінде орналасқан орталық мешіттерде, православие және католик шіркеулерінде өтеді. Оған хабарсыз кеткен жауынгерлердің ұрпақтары, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлері, ТМД және Еуропа елдерінің төтенше және өкілетті елшілері, Қазақстанның этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысады.
"Аталған шараның мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, жастарға рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру арқылы тарихи жадыны сақтауға ықпал ету", - деп жазылған хабарламада.
Астана қаласы бойынша өтетін уақыты:
12:00-де Хазірет Сұлтан мешіті (Тәуелсіздік даңғылы, 48)
13:00-де Киелі Успень соборы (Күйші Дина көшесі, 27)
8:00-де Мәңгілік көмек Құдай Анасының Рим-католик шіркеуі (Ж.Тәшенов көшесі, 26)
Өңірлер бойынша өтетін уақыты:
12:00-де мешіттерде
11:00-де православие шіркеулерінде
18:00-де католиктік шіркеулерде
Байланыс тел: +7 702 -777 -14 -49.
Айта кетері, Екінші дүниежүзілік соғысқа 1,5 миллион қазақстандық аттанып, оның 600 мыңнан астамы қаза тауып, 271 мың жауынгер хабар-ошарсыз кетті.
"Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалған қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын анықтау және олардың есімдерін есте қалдыру бойынша жүйелі іздестіру жұмыстарын жүргізетін Қазақстандағы жалғыз ұйым.
Ұйым құрылған 5 жыл ішінде 4 мыңға жуық жауынгердің аты-жөні мен жерленген жерін анықтады. Барлығы 9 мыңға жуық қазақстандық өздерінің ата-бабасының тағдырын анықтау жөнінде өтініш беріп, хабарласты.