Алматыда әншілерді алдаған алаяқ ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Алматыда бірнеше әншіні алдап кеткен алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
30 жастағы ер өзін композитормын деп таныстырып, бөтен адамның туындысын бірден бірнеше орындаушыға сатып жіберген. Әншілер мен музыканттар полицияға ұжымдық арызбен жүгінді. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады.
Оның айтуынша, бөтен біреудің әнін сату үшін әншілердің желідегі парақшаларына немесе әншілердің өздеріне шыққан.
"Өзімді сазгермін, ақынмын деп таныстырдым. Сосын өзіме тиесілі емес әндерді ұсындым", - дейді ол.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігі (Алаяқтық, бірнеше адамға қатысты жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.