АСТАНА, 16 маусым – Sputnik. Қожа Ахмет Яссауидің қабіржапқышын қалпына келтіру қиын. Ал оның көшірмесін жасауға шетелдік ғалымдар тартылып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Биыл Сарайшықта өткен ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Яссауидің қабіріндегі көне жапқышты қалпына келтіріп, өз орнына қайтаруды тапсырған.
Алайда жапқыштың түпнұсқасын қалпына келтіру мүмкін емес.
"Бүтіндейміз деп бүлдіріп алуымыз мүмкін", – дейді салаға жауаптылар. Бүгінде жәдігердің көшірмесін жасауға шетелдік ғалымдар тартылып жатыр.
XIV ғасырға тән жәдігер қазір үлбіреп, түтіліп қалған. Түйе жүні мен жібек жіптен тоқылған қабіржапқыш 7 ғасыр өтсе де, түсін бермеген. Үстінен алтын жіптен өрнек түскен. Ең қызығы, жас малдың тарыдай терісіне де әр жерден алтын мен күміс қадаған. Алайда қабіржапқышты кім, қанша уақыт жасаған белгісіз.
"Әмір Темір заманынан қалған ескерткіштерден құнды заттың бірі – осы қабіржапқыш. Өзі 2 қабіржапқыш негізі. Қолдан кішкене қылып біреуін жабамыз деп ойласа керек. Кейіннен құлыптастың үлкендігі есептелді ме, жоқ әлде жанында анамыздың қабірі бар деп айтады ғой, мүмкін соның үстін жабуға есептелген бе, ол жағы әлі белгісіз. Бірақ 2 қабіржапқыш. Біздің қолымызға жеткені – сол екеуінің үзінділері", - дейді "Әзірет Сұлтан" қорық мұражайының қызметкері Рахия Жүзбаева.
Қабіржапқышты сұғанақтар қолды қылған кезі де болған. 1926 жылы белгісіз біреу оны 25 рубльге сатып жіберген. Содан кейін жәдігер Алматының орталық музейіне түскен. Уақыт өте сапасы жоғалған дүниені музей қызметкерлері жарамсыз деп танып, есептен шығарған. Тек 1978 жылы ғана Өзбекәлі Жәнібековтің қолына түсіп, құнды мұра өз мекеніне оралды. Бұдан бөлек, Ясауиге тән қоңырат, қалы деп аталатын кілем түрлері де бірге келген.
Көне қабіржапқышты сақтауға мамандар ерекше мән береді. Қазір құнды жәдігер ылғал пен жарығы есептелген арнайы орында тұр. Бірақ сапасы күн санап нашарлап барады.
Мамандар қайталанбас өнер туындысының түпнұсқасын жасауға шебер тұрмақ, техниканың да қауқары жетпейтінін айтады. Матасы түйе жүнінен жасалып, алтын жіппен кестеленген құнды дүниені қалпына келтіруге шетелдік мамандар да қызығушылық танытып отыр.