АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында бір отбасы түшпарадан уланды. Екі кішкентай бала қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тұшпарадан уланған отбасы Қызылжар ауданындағы Надежка ауылында тұрады. Олар жергілікті дүкеннен тұшпара мен сусын сатып алған. Соны жегеннен кейін отбасы мүшелерінің жағдайы күрт нашарлап кеткен. Салдарынан үш және алты жастағы бала қайтыс болды. Ал тағы бір бала әке-шешесімен бірге Петропавл қаласының ауруханасына жеткізілді.
Облыстық санитарлық эпидемиологиялық департамент мамандары уланған отбасы жеген тамақтың сынамасын алды.
"Қазіргі кезде тексеріс шаралары басталды. Талдауға сынамалар алынып, зертханаға тапсырылды", - дейді санитарлар.
Қызылжар ауданында бір отбасының улану фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Аталған факті "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның жаппай улануына және өлiмiне әкеп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді", - деп хабарлайды полициядағылар.