Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы былтыр 4 млрд доллардан асты

Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 30 пайыздық өсім көрсетті
Sputnik
АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тайды қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кэтрин Тайдың сапары Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың Сауда өкілі Кэтрин Тайды қабылдады
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы отыз жылда екі ел сауда, инвестиция, қауіпсіздік, адам құқықтары және демократия секілді көптеген салада стратегиялық серіктестікті нығайтты.
"Сіздің еліңіз – Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 65 миллиард доллардан асады. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард долларға жетіп, 30 пайыздық өсім көрсетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр.
"Мен инвестициялық тартымдылықты жақсартуға, экономиканы ырықтандыруға және өнеркәсіпті дамытуға баса мән беремін", – деп толықтырды президент.
АҚШ-тың сауда өкілі Кэтрин Тай құрмет көрсеткені үшін мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ сауда байланыстарын дамытуға және экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін қажетті жағдай жасауға, соның ішінде Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісімді жүзеге асыруға қатысты жаңа тәсілдерді бетпе-бет талқылауға мүмкіндік бергеніне ризашылығын білдірді.