АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Парламент депутаттары сот жүйесі туралы конституциялық заңға енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасында судьялар корпусының кәсібилігін және олардың тәуелсіздігін, сот төрелігін іске асыру сапасын арттыруға, судьялар корпусын жаңартуға, отставкадағы судьялардың материалдық кепілдіктерін жақсартуға, тәртіптік іс жүргізуде судьялар құқықтарының кепілдіктерін бекітуге бағытталған түзетулер бар.
Парламент палаталарының депутаттары мен комитеттерінен осы және басқа да конституциялық заңдарға қатысты жаңа ұсыныстар келіп түсті. Олар:
материалдарды Сот жюриіне жіберу рәсімдері;
шалғай жерде орналасқан соттардағы бос лауазымдарды Сот төрелігі академиясын аяқтаған адамдармен толтыру;
отставкадағы судьяның Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамында мүше болуы;
"заңдылықты өрескел бұзу" ұғымын нақтылау;
сот ісін қарау кезінде судьяның заңдылықты өрескел бұзу фактісі бойынша тәртіптік іс жүргізуді қарау тәртібі;
қазір жұмыс істеп жүрген судьяларға арналған әлеуметтік және материалдық кепілдіктер;
Сонымен қатар, Жоғарғы сот Тоқаевтың дербес кассациялық соттар құру мәселесі жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар ұсыныс дайындады.
Соның барлығын қаралып отырған конституциялық заң жобасы аясында іске асыруға болады. Осы ұсыныстар екінші оқылымға дейін қаралады.