АСТАНА, 14 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шахматтан жастар арасындағы әлем чемпионы Қазыбек Нөгербекті құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның Гандинагар қаласында өткен халықаралық жарыста әлем чемпионы атанған Қазыбек Нөгербекке құттықтау жеделхатын жолдады.
"Ел намысын қорғап, үздік шахматшы ретінде гроссмейстер дәрежесін иеленіп, жеңімпаз атану – зор жетістік. Ұлтымыздың абыройын асқақтататын өзің сияқты алғыр да ақылды ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да жарқын жеңістерге және арман-мақсаттарыңа жете беруіңе тілектеспін", – делінген жеделхатта.
20 жастағы Қазыбек Нөгербек жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында (FIDE World Junior (Open & Girls) Chess Championships 2024) топ жарды.
Чемпионат 2-13 маусым аралығында Үндістанның Гандинагар қаласында өтті. Оған 123 шахматшы қатысты, олардың ішінде 13 гроссмейстер және 28 халықаралық шебер болды.
Қазыбек Нөгербек 11 раундта 8½ ұпай жинап, алтын медальмен бірге 1-орынға ие болды. Екінші орында – армениялық гроссмейстер Эмин Оханян, серб шахматшысы Лука Будисавлевич үшінші орынды қанағат тұтты.
Бұған дейін ондай жетістікке үш қазақстандық шахматшы ғана жеткен. Олар – Дәрмен Сәдуақасов (1998 ж.), Динара Сәдуақасова (2016 ж.) және Жансая Әбдімәлік (2017 ж.).