АСТАНА, 10 маусым – Sputnik. Түркия Республикасы Қазақстаннан мал мен құс өнімдерін әкелуге қойылған шектеуді алып тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Түркия 2005 жылдан бері құс тұмауы, ал 2016 және 2022 жылдан бері аусыл және нодулярлық дерматит бойынша шектеулер енгізген болатын.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының 91-ші сессиясы аясында Қазақстанның ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Бердалин мен Түркия ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Гюмен келіссөз өткізді. Соның нәтижесінде барлық шектеу алынып тасталды.
"Түрік тарапы Қазақстан ұсынған есептерді талдап, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына (ДЖДҰ) жолдады. Қазақстанның осы аурулармен күресу және оларды жою бойынша шараларға жоғары баға берілді. Бұл шешім екі ел арасындағы сауда қатынастарын нығайту жолында маңызды қадам болмақ", - дейді министрлік қызметкерлері.
Тамыз айында ветеринариялық талаптарды үйлестіру мәселелері де талқыланады. Ол үшін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркия Республикасына барады.
Айта кетері, бүгінгі таңда Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қой мен ешкі шешегі бойынша шектеулер әлі де бар.